Маңғыстаудың ғажайыптары

Маңғыстау – Каспий теңізінің жағалауын алып жатқан, табиғаты қайталанбас сұлу ежелгі өлке. Көпғасырлық  тарихы бар бұл жер бірегей мәдени құндылықтар мен сәулет ескерткіштері сақталған киелі мекен. Табиғатының бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері де таңғалдырады. Бір жағында ақшағыл сусыма құмды жағажайы бар жүздеген шақырымға созылып жатқан жартасты жағалау мен кеңбайтақ шөлейт жатыр. Бір жағында Ақтаудың ақшаңқан шыңдары мен Қаратаудың бұлдыр шыңдары жатыр. Бұған қоса, сырға толы құздары мен ойпаттары көрген жанның жанарын жаулап, өлкенің туризмді дамытудағы алып әлеуетін байқатады.

Арыстан қала 

Ерекше пішінді бұл тау Шетпе ауылына жақын маңда орналасқан. Оны бір бүйірінен қарасаң, алып аққанат киіз үйге ұқсаса, басқа тұсынан қарасаң, ұйқыдағы арыстанға ұқсайды. Сондықтан да тауды Шерқала деп атаған. Бұл түркі тілінде «арыстан қала» деген мағынаны білдіреді.

Таудың етегінде ежелгі керуен сарайдың қабырғалары, баурайында қарауылдардың қуыстары, арқанды саты мен таудың шыңына жетелейтін жасырын жолдың іздері қалған. Орта ғасырда мұнда Ұлы Жібек жолының керуен жолдарын күзететін бекініс болған.

Маңғыстау тауларында жазықтың бойында керілген Ақмыш шатқалы жатыр. Мұнда сіз көздің жауын алатын тоғайлардан, бал бұлақтары мен қорған пішіндес тауларынан басқа тарихи ескерткіштерді де таба аласыз. Х ғасырда негізі қалаған ежелгі Қызылқала қалашығының қалдықтары соның куәсі. Бұл қыш құмыра өнімдерін жасаған, темір мен мыс өндірген, иран ыдыстарын, мысырлық және қытайлық моншақтар, балтық янтарьларын сатқан саудагерлер мен қолөнершілер қаласы болған. Бүгінде қалашықтың бүкіл аумағында қыш ыдыстардың сынықтары мен ұрылған қызыл кірпіш қалдықтары шашылып жатыр. Сол себепті де оны Қызыл қала атап кеткен.

Көз сүрінетін жасыл желекті жазиралар

Маңғыстауда көздің жауын алатын шатқалдар баршылық. Олардың бірі – табиғаттың ерекше сыйы – Батыс Қаратау қыраттарындағы Самал тау шатқалы. Шатқалдың етегінен шағын бұлақты өзен бастау алып, сатылы сарқырамалардан өтіп, құз жартасқа бет алады. Бұл қамыс, Қызыл кітапқа енгізілген дәрілік шөптер, сирек өсетін долана мен ағаштар көптеп өсетін жасыл желекті жазира. 

Тағы бір көрнекті жер – Айрақты-Шоманай шатқалындағы Шоманай тауы. Шаңға шығып тұрып, Жер ананың сұлулығына қайран қаласың.    Ол сүмбісі, мұнарасы, бағандары мен бекініс қабырғалары бар ертегідегі қорғанға ұқсайды. Осы көрікті жерлерді көрген ұлы Тарас Шевченко шабыттанып, «Долина Замков» атты суреттер топтамасын салған.

Ал Тарас Григорьевичтің өзінің құрметіне бұл жерде тұтас қаланы – 1846 жылы негізі қаланған Форт-Шевченконы атаған. Оған жақын жерде тағы бір таңғажайып жер – Қаушы таулы қыратының ұлутастарынан түзілген Сұлтан үпі жерасты мешіті.

Домалақ тастар алқабы

Тағы бір құпия-сырға толы жер – Торыш алқабындағы домалақ тастар. Бұл жерде домалақ тастар (конкреция) шашылып жатыр. Олардың шығу тегі туралы ғалымдар 250 жыл тартысып келеді. Шығу тектеріне байланысты нұсқалардың біріне сай, тастар белсенді тектоникалық жарылыстар аумағында пайда болған жер жыртысындағы электр разрядтарымен байланысты. Ал халық арасындағы аңызға сүйенсек, бұл жерге бағзы заманда адам санынан жаңылысатын жау әскері келіпті. Жергілікті жұрт оларға қарсы тұра алмасын біліп, Жаратушыдан көмек сұрап, жалбарынады. Сол сәтте күн күркіреп, найзағай ойнап, арам ниетпен келген қалың қол түгелдей тас болып қатып қалған деседі.

Динозаврлар дәуіріне апарар жол

Маңғыстаудың келесі бір көрнекті жері – Көкала үңгір тауы. Бұл динозаврлар дәуіріне апаратын өзіндік бір тоннельге ұқсайды. Қаратау тау қатпары жер бауырынан көтеріліп, қабат-қабат болып жатыр, оның үстін мұхит шөгінділері басқан. Осылайша «Юра кезеңінің паркі» блокбастерінен танымал геологиялық дәуір – юра кезеңінің түрлі-түсті қыштары пайда болған. Әрине, сіз жер бетінен жоғалып кеткен жорғалаушылардың қатып қалған сүйектерін немесе іздерін таппайсыз, алайда әлгі динозаврлар жүріп өткен ағаштардың өртенгеннен кейін қалған, 170-200 млн жыл бұрынғы ағаш шоқтарын ұстап-көре аласыз.

Тағы бір таңғажайып жер Түпқараған түбегінде орналасқан. Бұл өңірде теп-тегіс, шетсіз-шексіз жазық  бір тұста қашықтығы 3 шақырымға созылған ойысқа түсіп кетеді. Бұл қабырғаның табанында түрлі тастар үйіліп жатыр. Қалыңдығы 30-35 м ақ тастар шашылып, алып тастар, қабырғалар мен мұнаралар құлап жатыр. Осы бір алып тастар көшкіні Жығылған деп аталады. Жанында Құздықара деп аталатын тұзды көлі де бар. Онда судың тығыздығы адам денесін су бетінде қалықтатып ұстап тұруға қабілетті. 

Этноауыл

Маңғыстаудың сұлу таулы өлкесінен «Көгез» деп аталатын этнографиялық ауыл орын тепті. Мұнда сіз салқын киіз үйде демалып, радонды суы бар қауызға шомылып, ұлттық аспаптарда ойналған музыкаға елітіп, фольклорлық сауық-кештерінің қонағы бола аласыз. Оңаша демалысты сүйетіндер гүлді бақтың ішінде серуендей алады. Оның ашылуына «Қазақстан аруы 2016» сұлулық байқауының жеңімпазы –

Әлия Мергенбаева себепкер болған еді. Ал егер сіз топ болып ойнағанды құп көрсеңіз, «Көшпенділер үйінің салт-дәстүрлері әлеміне саяхат» деп аталатын этномәдени тимбилдингке қатыса аласыз.

Әрине бір ғана мақаланың аясында маңғаз Маңғыстаудың бүкіл сұлулығын сипаттау мүмкін емес. Сондықтан мұндай таңғажайып жерлерді өз көзіңмен көрген артық. Бәлкім бұл түбек сіз демалатын және саяхаттайтын сүйікті орынға айналар. 

MTravel қocымшасының mangystau.info сайтының және басқа БАҚматериалдары бойынша